2005 жылдың 23 сәуірінде YouTube-қа алғашқы видео жүктелді. Бұл бейнежазба онлайн-видеолар дәуірінің бастамасы болды.
«Me at the zoo» («Мен зоопарктамын») деп аталатын 19 секундтық роликте YouTube-тың негізін қалаушылардың бірі Джавад Карим Сан-Диего зоопаркіндегі пілдер туралы әңгімелейді.
Бүгінгі стандарттармен салыстырғанда, бұл видео — YouTube-тағы ең қарапайым бейнелердің бірі. Онда не бейне сапасы, не дыбыс өңдеуі жоқ — тек 25 жастағы бағдарламашы пілдерді нұсқап: «Бұл жігіттердегі ең керемет нәрсе — олардың өте-өте-өте ұзын тұмсықтары», — деп айтады.
Қазір бұл қысқа бейнені 355 миллионнан астам адам көріп, 17 миллион лайк басқан, ал пікірлер саны — 10,4 миллионға жуық. Жыл сайынғы мерекеге орай YouTube видеоны кішкентай торт слайдерімен және піл белгішесімен безендірді — ол белгіше Джаведтің YouTube арнасына апарады.
2005 жылдың 14 ақпанында үш дос әрі бұрынғы PayPal қызметкерлері — Чед Херли (Chad Hurley), Стив Чен (Steve Chen) және Джавад Карим (Jawed Karim) Калифорния штатының Сан-Бруно қаласындағы гаражда бірлескен жобаны әзірлеу барысында YouTube-ты құрды. 2007 жылдың 14 қарашасында YouTube өзінің орыс тіліндегі нұсқасын іске қосты. Биыл YouTube өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтті.
Видео-хостингтің негізін қалаушылар Flash Video (flv) технологиясын қолданған, ол аз трафикпен салыстырмалы түрде жақсы сапалы бейне алуға мүмкіндік берді. 2005 жылы YouTube-та 240p немесе 360p сападағы видеоларды қарау қалыпты жағдай саналса, қазір платформа 4K, 8K, HDR және тіпті VR сападағы видеоларды қолдайды.