АҚШ билігі Гарвард университетінен шетелдік студенттердің «заңсыз және күш қолдануға байланысты әрекеттері» туралы егжей-тегжейлі есеп беруді талап етті. Егер университет бұл талапты орындамаса, шетелдік студенттерді қабылдау құқығынан айырылады. Бұл туралы бұйрық АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігінің ресми сайтында жарияланды.
«Гарвард антисемитизм алдында тізе бүгіп отыр — басшылығының қауқарсыздығынан. Ол экстремистік тәртіпсіздіктердің ордасына айналып, ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіруде. 53,2 миллиард долларлық қоры бар Гарвард өз анархиясын өзі қаржыландыра алады», — деді ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм.
CNN хабарлауынша, Гарвард университеті бұл талаптарға жауап ретінде: «біз өз тәуелсіздігіміз бен конституциялық құқықтарымыздан бас тартпаймыз», — деп мәлімдеген.
Айта кетейік, шетелдік студенттер Гарвардтағы барлық оқушылардың 27,2%-ын құрайды.