Бұл туралы компанияның өнім менеджері Эдвин Бодж The Verge басылымына берген сұхбатында хабарлады. Курс сынақ режимінде iOS құрылғыларында іске қосылды және әзірге тек ағылшын тілінде қолжетімді.
Оқыту барысында қолданушылар шахматтық басқатырғыштарды шешіп, интерактивті тапсырмаларды орындайды. Курс фигуралардың қалай жүретінін есте сақтауға, олардың тақтадағы орналасуын түсінуге, негізгі тактикаларды меңгеруге және мат қоюды үйренуге көмектеседі. Сонымен қатар, курсқа қатысушылар Duolingo-ның виртуалды көмекшісі – Оскар есімді кейіпкерге қарсы "мини-матчтар" немесе толыққанды партиялар ойнай алады.
Эдвин Боджтың айтуынша, Duolingo командасының басты мақсаты – шахматты түсінікті әрі қызықты ету. Бұл курс жаңадан бастаушыларға да, ойнай алатын адамдарға да жарамды. Әркім өз деңгейінен бастап оқуды бастай алады. Команда Duolingo-ға тән геймификацияны және визуалды стильді сақтауға тырысқан.
Duolingo-ның қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Моника Эрл шахмат курсы алдағы 4–6 апта ішінде iOS қолданушыларына ағылшын тілінде қолжетімді болатынын түсіндірді. Осыдан кейін компания оны Android құрылғыларына да шығарып, басқа тілдерге аударуды жоспарлап отыр.